«Қарағанды лагері — қара орамал»

Саяси қуғын-­сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Бөкетов университетінде адамзаттың аза жырын жырлаған ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Танымдық шараға саяси қуғын-­сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық, өңірлік комиссия мүшелері, жиырма бір елдің Қазақстан Республикасындағы елшілері, ақын-жазушылар, тарихшылар, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, профессорлық-­оқытушылық құрам мен студенттер қатысты. Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы: «Бұл ерекше поэма. Бұған Ғалым үлкен дайындықпен келді. Қарлаг туралы біздің топырақтың бір баласы жазуы керек болатын. Соны Ғалым жазды. «Қара орамал» қазақ поэзиясындағы орны бөлек құбылыс», — ​деп жоғары баға берді.

Ғасырдың қайғысын, сталиндік жүйенің зорлығын өзек еткен поэма он алты тілге тәржімаланып, топтастырылып, жинақ ретінде «Қарлаг: тарихтан — ​тағылым, өткенге — ​тағзым» ғылыми-­ағарту жобасы аясында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көріп отыр. Кітап әлемге танымал суретші К. Күйіковтің иллюстрацияларымен, А. Меңлібаеваның фотосуреттерімен безендірілген.

Тарихи-­танымдық шараға келгендер Алаш ардақтыларына, оның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған көрмені және Кәріпбек Күйіковтің «Қара орамал» тақырыбына салған суреттерін тамашалады. Студенттер бірнеше тілде Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-­реквиемінен үзінді оқыды. Тұсаукесер рәсімінен кейін Студенттер сарайының «Шабыт» театр драмалық студиясының өнерлі жастары алғаш рет сахнада «Қара орамал» қойылымын қойды.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

— Саяси қуғын-­сүргін күні қарсаңында Қарағанды Бөкетов университетінің бас болуымен, оның ректоры Нұрлан Дулатбеков бауырымыздың қолдауымен, облыс әкімшілігінің қолдауымен «Қара орамал» поэма-­реквиемім он алты тілде аударылып, жинаққа топтастырылды. Поэма бұдан сегіз жыл бұрын жазылды. Қарағанды лагерінің зұлматы, оның қасіреті — ​бұл адамзаттық қайғы. Поэма басылған бетте тез арада бірнеше тілге аударылып кетті. «Қара орамал» жинағын шығару идеясы Қарағанды Бөкетов университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлының бастамасымен болды. Әлем елшісі болып жүрген суретші бауырымыз Кәріпбек Күйіков үлкен еңбек етті. Қарлагтың тағдырына байланысты мен көп нәрсені білемін. Адамзаттың небір асылдары, бір жарым миллионға жақын адам, қаншама ұлттың өкілдері осы Қарағандыда азап көрген. Ғұмыр бойы бізге басқа тарихты оқытты. Қадыр Мырзалиевтің бір өлеңі бар: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бір-ақ тағы», — ​деген. Біз өзіміздің тарихымызды жаңадан жасап жатқан елміз. Өзіміздің уығымызды енді шаншып, шаңырағымызды енді түзеп жатқан елміз. Жаңа Қазақстан боламыз деп жатырмыз. Кешегі бабаларымыздың, аталарымыздың, аналарымыздың қайғысы, қасіреті осы топырақта біздің кіндігімізге сіңген. Әкелеріміз, аналарымыз осы жерде өмір сүрген. Біз Қарлагтың жұртындағы ұрпақпыз. Қарағанды лагері бұл әлем үшін үлкен қасіреттің символы. Қазір тарихшылар болсын, әдебиетшілер болсын АЛЖИР-ді көбірек айтады. АЛЖИР Қарағанды лагерінің алпысқа тарта нүктесінің біреуі ғана. Онда аналар отырғаннан кейін осы жағынан көбірек айтады. Жалпы біздің даланың бәрі, анау Жезқазғандағы Степлагтан бастап мына Бұрма, Батық, Шет ауданы, Жаңаарқа ауданы, осы маңайдың бәрі лагердің жұрты.
Жалпы азаптау тақырыбындағы шығармалар аз болған жоқ. «Қара орамал» поэма-­реквиемімнің бұған дейінгі шығармалардан сәл-пәл құрлымы бөлектеу. Бұл әлемдік адамзатқа бет алған туынды. Бүгін негізделіп, әлем оқырманына жол тартқанына қуанып тұрмын. Кітаптың шығуы ақын үшін де, ел үшін де, жалпы қазақ әдебиеті, қазақ руханияты үшін үлкен қуаныш. Қазір аз тиражбен шықты. Шетелдерден де осы кітапты сұрап жатыр. Бұған дейін де он шақты поэмам жарыққа шыққан еді. Әртүрлі әлемдік тақырыпта да жаздым. Бірақ ішіндегі ең көп бұқаралық сипат алып кеткен осы дастан болды деп ойлаймын.
Кәріпбек өте талантты адам. Кітапты безендіру кезінде мен бір-ақ жерде суретшімен келіспедім. Көрмеден көрген боларсыздар, басына қара байлаған әйелді мұқабаның сыртына шығарғысы келді. Мен жырлаған «Қара орамал» — ​бұл әйелдің басындағы қара орамал емес.

Кешіріңдер,
жан аға,
ақ аналар,
Сағаналар сөйлесін
бағаналар.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы
Қарағанды лагері —
қара орамал.

Мұның идеясы осы.

Гүлнәр МАХАН