«Қарағанды лагері — қара орамал»
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Бөкетов университетінде адамзаттың аза жырын жырлаған ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Танымдық шараға саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық, өңірлік комиссия мүшелері, жиырма бір елдің Қазақстан Республикасындағы елшілері, ақын-жазушылар, тарихшылар, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер қатысты. Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы: «Бұл ерекше поэма. Бұған Ғалым үлкен дайындықпен келді. Қарлаг туралы біздің топырақтың бір баласы жазуы керек болатын. Соны Ғалым жазды. «Қара орамал» қазақ поэзиясындағы орны бөлек құбылыс», — деп жоғары баға берді.