Жаңа жыл қарсаңында Студенттер сарайының киелі сахнасында мерекелік кештің шырағы жағылды. Қуанышпен қатар келген жыл қорытындысы бойынша ғылымда, білім саласында елеулі еңбек етіп, жетістікке жеткен оқу ордамыздың профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің джаз оркестрі мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры оркестрі өнер көрсетіп, жаңа жылдық бағдарламаның көркін кіргізді. Залды өзіне баураған күй көптің асыға күткен «Екі жұлдыз» байқауының финалдық кезеңіне ұласып, «Екі жұлдыз — екі бақыт көктегі» деп сайрады.
Білім мен өнерді қатар алып келе жатқан таланттар бізде өте көп. Әсіресе, ән өнерінің қасиетін дәріптеп, көмейден ажыратпай жүрген жандардың қатары баршылық. Сол қатардан суырылып шығып, «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек» демекші, университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылардан іріктелген топ жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтамаққа ән алаңына жиналған болатын. Мықтылар сап түзеген бұл байқау — әрине, «Екі жұлдыз»! Қарашаның 25 жұлдызында шымылдығын түрген ән байқауы барлығы үш кезеңді қамтып, бір ай уақыт аралығында көрерменнің көзайымына айналды. Осы уақыт ішінде жанды дауыста ән шырқаған күміс көмей, жез таңдай ұстаздарымыз бен студенттеріміз өнерлерімен өлеңге өзгеше дем берді. Өздерінің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екендігін дәлелдеп шықты. Дәлелдеп қана қоймай, финалдық кезеңімен көрерменмен қайта қауышып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұстаз бен шәкірттің басын бір сахнада қосқан «Екі жұлдыз» оқытушылар мен студенттер арасындағы ынтымақтастық пен татулықты арттыра түскендей болды.
«Екі жұлдыз» ән байқауының қорытындысы бойынша Камиля Аринова мен Әлфараби Аблаев «Ең үздік көркем қойылым» номинациясымен, Бекарыс Ахметолла және Ақсана Курбаналиева «Әнді мәнеріне жеткізе орындау» номинациясымен, Марғұлан Тұяқов пен Камила Байқадамова «Әсем ән мен сахналық қойылымның үйлесімі» номинациясымен, Махаббат Тайкуманова мен Ескендір Қимаш «Ерекше сахналық қойылым және көрермен көзайымы» номинациясымен, Талғат Жүсіпбек пен Балнұр Омарова «Әнді орындаудағы өзіндік ерекшелік» номинациясымен, Альбина Угарова мен Мұқаметжан Шекей «Сахна шебері» номинациясымен, Салауат Кентбек және Темірлан Серік «Әнге деген сүйіспеншілік және ретро әннің үздік орындалуы» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздарға 100 000 теңге көлемінде сертификат табысталды.
Осылайша, ғылым мен білім, өнердің қазыналы ордасына айналған қара шаңырақ әдемі нотада жылды қорытындылады.
Қырмызы ЖӘДІГЕРҚЫЗЫ